«Құлан Жұлдыздары» Анықталды

0
171

Өнер – адамзат бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Ол – Жаратқанның адамзатқа берген ерекше сыйы. Өнердің де түрі бар: ән өнері, би өнері, сурет, сөз өнері деп тізбектей беруге болады. «Әу» демейтін қазақ жоқ» демекші, әсіресе, ән өнері қазақ халқының қанындағы бір қасиет. Димаштай дарынды болмаса да, әрбір қазақ «әу» деп ән шырқауға бейім. Ән өнерімен жетістікке жетіп, дүниені дүр сілкіндірген әншілеріміз жоқ емес. Әлемді аузына қаратып, Париж төрінде ән салған Әміренің жолын жалғап, бүгінде жоғарыда сөз еткен қазақтың Димашы қазақты әлемге танытып жүр. Әрине, мұндай жарқын жеңіс тағы да жалғасын табуы тиіс. Демек, республикамыздың түкпір-түкпірінен, ауыл-аймақтардан таланттыларды табу қажет. Ауданымызда 2 жыл сайын өткізіліп тұратын «Құлан жұлдыздары» байқауы осы мақсатта ұйымдастырылатынын айта кеткен жөн. Жуырда «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде «Құлан жұлдыздары» ән байқауы өтті. Балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен өткізілген шараға мектеп оқушылары қатысты. «Нұр Отан» партиясының тікелей қолдауымен өткен байқауда ауданымыздың 28 өнерпазы өзара бақ сынасты. 6-8, 9-12, 13-16 жас аралығы бойынша қатысушылар үш түрлі жас санатына бөлінген болатын. Нәтижесінде, №1 мектеп-лицейінің оқушысы Ұлжан Мейрамбек, Балалар мен жасөспірімдер орталығының тәрбиеленушісі Ерсұлтан Тоқтасын және Құлан мектеп-гимназиясының оқушысы Қарлығаш Ерболқызы өз жас ерекшеліктеріне байланысты топ жарып, бас жүлдеге ие болды. Байқау жеңімпаздарына демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтар мен «Нұр Отан» партиясының дипломдары табыс етілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here