Құзырлы салада қырағылық керек

0
579

Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен қалалық мәслихаттың кезекті отыз екінші сессиясында күн тәртібіне шығарылған мәселелер шешімін тапты.

Қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев пен 24 депутат қатысқан жиынды қалалық мәслихат депутаты Арын Асқарбеков жүргізді.  Тараз қаласы ішкі істер басқармасының Жергілікті полиция қызметі бастығының есебін қарау және оның қызметін бағалау  күн тәртібіне шығарылған мәселелердің өзектісі болды. Бұл орайда Тараз қаласы ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Мұрат Алтаев хабарлама жасады.

–  Ағымдағы жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша қала бойынша жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың  36 пайызға  кемуі байқалады, қылмысты ашуды 10,2%-ға көтердік, бұл 46,9%-ды құрады (өткен жылы 36,7%). Біздің тарапымыздан қабылданған шаралардың арқасында Жергілікті полиция қызметінің қызметін сипаттайтын негізгі өлшемдер бойынша қылмыстардың кемігені байқалады. Осылайша, қоғамдық жерлерде жасалған қылмыстар 38,9%-ға  кеміген (1839-дан 1123), соның ішінде көше қылмыстарының 22,1%-ға (747-ден 582) кемуі байқалады, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 19,4%-ға (31-ден 25) кеміді, рецидивті қылмыс 65,5%-ға (516-ден 178) кеміді, топ болып жасалған қылмыстар 17,8%-ға (101-ден 83) кеміді, – деді М.Алтаев.

Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында сыртқы  206 бейнебақылау камерасы орнатылған, олар автожол қиылыстарын, қоғамдық жерлерді, оқу орындары және керек десеңіз түзету мекемелерін қамтыған. Ағымдағы жылдың мамыр айы ішінде ІІО-на түрлі құқық бұзушылықтар бойынша  – 2304 жасөспірім жеткізіліп, оның ішінде қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттері үшін – 51, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін – 1704, профилактикалық және тізімдік есепке – 249 жасөспірім қойылған. Ал арнайы мектепке –13 жасөспірім жолданса, 71 жайсыз отбасы есепке қойылып, 23 ата-ана немесе оларды алмастыратын тұлғалар ата-аналар құқығынан айырылған.

Тараз қаласының жол-көше желілеріндегі қауіпсіздік өзекті мәселе болып отырғандығын жеткізген полиция басшысы орын алған оқиғаларға да жіті тоқталды. Хабарламадан кейін депутаттардың сауалының астына қалған құзырлы сала басшысы халық қалаулыларын бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Нариман Мауленов барлық депутаттар мен БАҚ өкілдеріне, жергілікті билік басшыларына және құқық қорғау органдарының басшыларымен ортақ чат ашып, желідегі белсенділікті арттырып, орын алып жатқан мәселелерді, түрлі оқиғалардың алдын алудың тиімді жолын іздеуге үн қосты. Сессияда сондай-ақ учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмыс орындарының бірқатары сатылайын деп жатқандығы, олардың жұмыс орындарының стандартқа сай еместігі кеңінен айтылды. Ал өз кезегінде Жақып Түзелбайұлы «Ауыл-Береке» базарындағы автобус аялдамаларының ретсіздігі мен қайыршылардың көбеюі жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып жатқандығын және бұл мәселені сессияда жергілікті полиция қызметкерлеріне 3-ші рет айтып отырғандығын баса айтып, олардың жұмысын реттеуді сұрады. Сондай-ақ қаладағы кәсіпкерлер мен орта және шағын бизнес иелерімен жұмыс жасайтын жергілікті полиция қызметкерлері қаладағы 40 жанар-жағармай бекетінің 10-ында бейнебақылау жоқтығы, олардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретіндігін айтты. Ал кафелер мен демалыс орындарының таңғы уақытын шектеу бойынша бүгінде тұрғындар тарапынан түсіп жатқан шағым-арыздардың көптігін жеткізген Мұрат Алтаев депутаттардан осы мәселені жан-жақты қарап, шешуді сұранды.

Сондай-ақ сессияда  қалалық мәслихаттың заңдылық пен азаматтар құқығын қорғау, құқылық тәртібі және гендерлік саясат жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат  Мырзахметов,  тұрақты комиссияның мүшесі Айдархан  Биназаров сөз алып, күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша есеп берді. Ал жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты шарттың жобасына келісу туралы хабарламаны қала әкімдігінің жер қатынастар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Біржан Башанов жасаса,  қаладағыкөшелерге қайта атау беру бойынша ұсыныс енгізу туралы қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева сөз алды. Сонымен қатар өткен сессияларда қаралып, шешімін өзгертуге қатысты бірқатар мәселелерді де депутаттар қарап, дауысқа салды.

Жиында №19 округтен сайланған депутат Эльмира Мырза-Ғали депутаттық сауалға дер кезінде жергілікті биліктің жауап беруі керектігін жауапты мамандарға қатаң ескертті. Ал кезекті отыз үшінші сессияның төрайымы болып №5 сайлау округінен депутат Ләззат Қызылқұлова сайланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here