Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев Т.Рысқұловқа ауданына жұмыс сапарымен келді

0
354

Сәрсенбі күні ауданымызға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев пен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің жұмыс сапары Сайрамбай Дөненбаев жетекшілік жасайтын «Шәушен» шаруа қожалығының егіс алқабынан басталды. Жалпы, Сайрамбай Әліқұлұлының туған жеріне жасап жатқан оңды істерін күллі Алаш жұрты біледі.Тіпті, жергілікті халықтың аузында «жомарт Сайрамбай» атанып кеткен «Шәушен» шаруа қожалығы басшысының еселі еңбегін өткен жылы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жоғары бағалап, оның кеудесіне «Қазақстанның Еңбек Ері» төсбелгісін таққан болатын.

Дәл қазіргі уақытта ауданымызда көктемгі егіс жұмыстары қызу жүріп жатыр десек болады. Ұсақ шаруа қожалық өкілдері болмаса, «Шәушен» секілді іргелі қожалықтар көктемгі егіс жұмыстарын әлдеқашан тәмамдап қойған. Бұл турасында Сайрамбай Дөненбаев былайша сөз өрбітті.

Былтыр егін мол болды. Ит жылы біз 3700 гектар арпа, 4200 гектар бидай өнімін еккен едік. Жасыратын несі бар, егіннің бойы 1,5 метрге дейін жетті. Соның бәрі тынымсыз еңбектің арқасы деп білемін. Биыл да қол қусырып қарап жатқанымыз жоқ. Қазіргі таңда жалпы жиынтығы 11700 гектарға арпа және бидай өнімін бастырдық. Құдайға шүкір, техникамыз жетеді. Егер де жер мәселесі шешіліп жатса, 50 000 гектар алқапқа егін егуге қауқарлымыз. Өздеріңіз білесіздер, қыс мезгілі аса суық болған жоқ өңірімізде. Яғни,

қар аз жауды. Бұл егінге кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Алайда, жауын жауа түссе жақсы болар еді. Бірақ, адамның дегені болушы ма еді. Табиғат-Анаға ешкімнің әмірі жүрмейді,- деді Қазақстанның Еңбек Ері. Өз кезегінде Мұратхан Жүнісәліұлы кәсіпкердің сөзін қуаттап, аудан әкімінің орынбасары Руслан Оразхан мен ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенбетовке жер мәселесі бойынша жүйелі жұмыс жасау қажеттігін ескертті.

Бұдан соң, Мұратхан Шүкеев пен Берік Нығмашев 10 мың гектарға жуық егін еккен Александр Линник басқаратын «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабына бас сұғып, аталмыш серіктестік басшысымен өзара пікір алмасты.

Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы саласын дамытуға өз үлестерін қосып келе жатқан кәсіпкерлерден бөлек, жеке шаруашылық серіктестік өкілдерінің қатары мол. Соның бірегейі – «ARNO AGRO» ЖШС-і. «ARNO AGRO» ЖШС-нің негізгі   табыс көзі – бау-бақша өнімдері болып табылады. Серіктестіктің жазиралы Жамбыл өңіріндегі Ақшолақ елдімекенінен өзге Түркістан облысында да интенсивті бақша өсіру алаңдары бар. Айта кетейік, өткен жылы «ARNO AGRO» ЖШС өкілдері облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Мінеки, екіжақты келісімнің нәтижесінде киелі Құлан жерінен мемлекеттік «Агроэксперт» бағдарламасы шеңберінде «Агропарк   Құлан» деп аталатын интенсивті бақша алаңы салынып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары мен ауылшаруашылығы басқармасының басшысы «Дендро саябақпен» етене жалғасып салынған «Агропарк Құлан» интенсивті бағының жұмысымен танысты. Интенсивті бақтың шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Ринат Миркадировтың сөзінше қазіргі уақытта 100 гектар алқапқа Польшадан әкелінген «Любская» тұқымды 166 мың түп шие ағашы отырғызылған. Көшетке жұмсалған қаржының жалпы жиынтық сомасы — 620 миллион теңге.

– Өздеріңіз байқағандай, 100 гектар алқапты біз тамшылатып суару әдісі арқылы іске асырамыз. Аталмыш әдістің құрал-жабдықтарын толығымен «Soldrip» компаниясы өз міндетіне алып, орналастырып берді. Ал мына 150 гектарға сәуір айынан бастап, 390 мың түп алма ағашын егетін боламыз. Ол жерге алманың бір ғана тұқымы егілмейді. Анығын айтсақ, 10-ға жуық алма ағашының тұқымын егуді жоспарлап қойдық. Қазіргі уақытта «Агропарк Құланда» 100-ге жуық жұмысшы бар. Алдағы уақытта жұмыстың қауырттығына байланысты бұл сан 250-ге дейін жетуі мүмкін. Жалпы, 2020 жылға дейін біз 600 гектар алма, 200 гектар жаңғақ, 100 гектар жүзім егуді жоспарлап отырмыз. Ол ойымыз жүзеге асқан күнде 2000 адам жұмыспен қамтылатын болады» дейді Ринат Миркадиров бізге берген сұхбатында.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here