МЕРЕЙТОЙҒА ТАРТУ

0
576

Биыл елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Осы мақсатта аймақта «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы басталды. Аталған мереке қарсаңында облыста жаңа 20 әлеуметтік және кәсіпорын нысандары ел игілігіне беріледі.

Сондай нысанның бірі – облыстық олимпиадалық резервтің арнайы мектебі үшін жекпе-жек кәсіпқой спорт клубының 3 ангар типті  спорт залының салтанатты ашылуы.  Аталмыш нысанның бас мердігері «Қаратау құрылыс-2030» ЖШС. Құрылысты облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша өткен жылдың наурыз айында бастаған.  Жалпы құны 494,7 млн теңгені құрайтын нысанда бокс, кикбоксинг, еркін күрес, грек-рим күресі мен қазақ күресі  және дзюдо спорт түрлері бойынша жаттығуға жағдайдың барлығы жасалған. Салтанатты ашылуға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, Паралимпиададан әлем  чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров және спорт ардагерлері қатысты.  Бір дегенде 1 аусымда 120 адамды қабылдауға қауқары жететін заман талабына сай жабдықталған нысанның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жеткіншектерге жарыс жолында сәттілік тіледі.

– Бүгін есігін айқара ашқан әмбебап спорт кешенінде болашақ ел намысын қорғайтын чемпиондардың шығатынына сенім мол. Астана қаласының мерейтойына облыста 20-ға жуық нысан ашылады деп жоспарлануда.  Жалпы былтырғы жылы облыста 32 жаңа нысан ел игілігіне берілсе, биыл 4 спорт нысаны мен 40 алаңша қолданысқа берілу жоспарда. Мұның барлығы бұқаралық спортты дамыту мен Елбасының тапсырмасын орындау. Жамбыл жері талай чемпиондарды күллі әлемге танытқан мекен. Көк Туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды  асқақтататын спортшылар осы спорт мектебінде тәрбиеленіп шығатынына еш күмән жоқ, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.

Сондай-ақ осы күні велосипед және спорттың су түрлері бойынша №4 облыстық  мамандандырылған  балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің велосипед базасы ашылды. Құны 166,5 млн теңге болған нысанның құрылысын мердігер «АЕМ» ЖШС жүргізген. 1 маусымда 36 адамды қабылдайтын ғимаратта жаттығу залы, велосипед қоймасы мен шеберхана, асхана, киім ауыстыратын, жуынатын және жаттықтырушылар бөлмелері бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here