Заңсыз саудаға жол жоқ

0
448

Бүгінде шаһардың шырайын кетіріп тұрған жабайы дүңгіршектер мен сауда павильондары жетерлік. Олардың көбісі заңсыз болғандықтан қала әкімдігі оларды алып тастауды басты орынға шығарып отыр.

Жалпы 2015 жылы қала көшелеріндегі дүңгіршектер мен сауда павильондарын алып тастау жөнінде қала әкімінің қаулысы шыққан. Осы қаулы негізінде өткен жылдан бастан мемлекеттік актісінің уақыттары өткен осындай сауда нүктелерінің иелеріне ескерту берілген. Қала әкімдігінің мамандары берген ескертуді елемегендердің дүңгіршектері алынып тасталған. Аталған шара кеше тағы жалғасын тауып, Абай, Қолбасшы Қойгелді, Төле би сынды үлкен көшелердің бойындағы осындай сауда нүктелерінің көзі жойылды. Атап айтқанда, Абай даңғылы мен Петров көшесінің қиылысындағы дүңгіршек иелерінің қарсылығына қарамастан жүк көлігіне тиеліп, арнайы орынға жөнелтілді. Бұл дүңгіршектердің де мемлекеттік актісінің уақыты өтіп кеткен. Сондай-ақ иелеріне бірнеше рет ескерту де берілген. Ескертуге атүсті қараған олардың заңсыз ісіне қала әкімдігінің шыңдап кірісуіне тура келді. Қала әкімінің орынбасары Жандос Өмірзақов бастаған топпен сала мамандары заңсыз саудасын дөңгелетіп отырғандарға осылайша тағы бір рет ескерту жасағандай болды. Негізінен, аталған маңда түйіні тарқамаған бірқатар мәселелер де жоқ емес екен. Мәселен, Абай даңғылы №154 үйдің жанынан ғимарат бой көтерген екен. Оны сондағы жұртшылық заңсыз салынған дейді. Себебі ол ғимарат коммуникациялық желілердің үстінен орын тепкен. Бұдан өзге тұрғын үйге де тым жақын орналасып, үйге түсетін күннің көзін жауып қалған. Тағы бір айта кетерлігі, нысан электр бағанасына да тым жақын салынған себепті, өрт қауіптілігі жоғары екен. Ондағы жұртшылық салынған ғимараттың салдарынан алда-жалда үйлерінен өрт шықса арнайы техникалар кіре алмайтындығын айтып, үрейленіп отырғандықтарын жасырмады. Осындай мәселелерді алға тартқан тұрғындар талай мекеменің табалдырығын да тоздырыпты. Дегенмен ешқандай нәтиже жоқ. Осы мәселенің мәнісін жауапты мамандардан сұрағанымызда ғимарат иесі сотта жеңіп шыққандығын жеткізді. Ал оның жеңісінің себебін коммуникациялық желілердің орнын ауыстырғандығымен түсіндіріліп отыр.

Бұдан өзге аталған даңғылдың бойында орналасқан «Smart» сауда үйінің жанында орналасқан дүңгіршек  пен сауда павильоны да жабылып, жүк көлігіне тиелді. Қала әкімдігінің әрекетіне тұрғындар алғыстарын білдіріп, бастаманы қолдайтындықтарын жеткізді.

– Дүңгіршектерде ешқандай коммуникациялық жүйелері жоқ. Ал ол орындарда тез бұзылатын ет және сүт өнімдері саудаға шығарылады. Сондықтан ешбір талапқа сай келмейді. Мұны тұрғындардың көбі ескере бермейтіндіктен, қауіпті екендігін де түсінбейді. Осындай мәселелерді ескеріп жатқан қала әкімдігінің жұмысына ризашылығымызды білдіреміз, – дейді тұрғын Александра Юрьева.

Бүгінде облыс орталығында құжаттарының мерзімдері өтіп кеткен дәл осындай 97 дүңгіршек  пен сауда павильоны бар. Олардың көбісі мөлтек аудандарда орналасқан. Алдағы уақытта мұндай сауда орындарының барлығы алынып тасталады. Қазіргі таңда бұл жұмысқа сала мамандары бел шеше кіріскен.

– Нақты уақытта дүңгіршектер мен сауда павильондардың заңдылығын тексеру мақсатында қала әкімдігі тарапынан арнайы комиссия құрылған. Сол комиссияның шешімімен құжаттарының уақыты өтіп кеткендерді алып тастап жатырмыз. Өткен жылы осындай шаралардың нәтижесінде Т.Рысқұлов, Абай, Төле би, Желтоқсан, Қойгелді көшелеріндегі сауда нүктелерінің көзі жойылған болатын. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Сүгірбеков.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here