Жастар жазда не істейді?

0
557

Қала әкімдігінің мәжіліс залында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдың төрағалығымен Тараз қаласы әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Жас жеткіншектердің жазғы уақытта бос уақытының ұйымдастырылуы басты мәселе ретінде қаралды. Онда сөз алған Жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Мұрат Алтаев баяндама жасады. Ол өз сөзінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен оған қарсы күрес туралы айтты. Қатысушылар арасында жоғарыда аталған мәселе бойынша сұрақтар туындады. Жиналыс барысында жастар арасындағы есірткіні онлайн-тренинг бойынша тарату үлкен мәселе болып отырғандығы да айтылды.

Есірткіні тарату мәселесін тоқтату бойынша қала әкіміне көптеген ұсыныстар тасталды, бұл есірткі саудалаушыларға қарсы күрестің бір қадамы болды. Сонымен қатар тәрбиесі қиын балалармен жұмыс мәселесі де қаралды. Кенжебек Мамашбайұлы бөлім басшыларына жасөспірімдерді спорттық және қоғамдық жұмыстарға тарту туралы тапсырма берді. Жастар мен азаматтардың жұмыс мәселесі де айтылды. Педагогтар тарапынан 14-16 жас аралығындағы оқушылардың жұмысқа орналасуындағы қиындықтары туралы өз ойларын ортаға салды.

– Сайттарда оқушылардың жазғы уақытта жұмыс іздеп жүргендері туралы хабарламалар өте көп, олар ең ауыр жұмыстарды орындауға дайын. Бірақ жұмыс берушілер тарапынан оларды жұмысқа алуға асықпайды, күрделі мәселе деп санайды. Заң жүзінде шешетін мәселелер көп. Барлық айтылған мәселелермен қатар 2021 жылға дейін жұмыссыздар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмысқа орналастыру мәселесіне шешімін тауып заң жүзінде қадағалаймыз, – дейді Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Елдос Кеңесбеков.

Жиында сөз алған Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының уақытша міндетін атқарушы Орынқыз Жолдасова тұшымды баяндама жасады. Ол өз сөзінде студенттердің жазғы уақытын өткізу туралы айтып өтті. Студенттердің спорттық секциялар, іс-шараларға белсене араласуына тоқталды. Мәжіліс соңында қатысушылар қаралған мәселер бойынша өз ойларын білдірді. Сондай-ақ жастар ұйымдары мен студенттер қауымдастығы есірткі саудасын тоқтату бойынша жүргізілетін жұмыстарға дайын екендігін алға тартты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here